Енді Пекиннің кезегі. Ақ үйдегі саммиттен кейін Орталық Азияға Қытай дипломаты барды

Қытай сыртқы істер министрі Ван И (сол жақта) Бішкекке сапарында Қырғызстан президенті Садыр Жапаровпен кездесті. 19 қараша 2025 жыл.

Қытай сыртқы істер министрі Ван И Орталық Азиядағы үш елге арналған сапарын бастады. Мақсаты – Қытайдың аймақтағы ықпалын күшейту. Бұл сапар АҚШ-тағы саммиттен кейін өткелі тұр. Ол саммитте Вашингтон аймақтағы қазба байлықты ерекше назарда ұстаған.

Қытай сыртқы істер министрі Ван И Орталық Азиядағы сапарын Қырғызстаннан бастады. Бұл сапар Пекиннің аймақтағы сауда әріптесі ретіндегі рөлін нығайтуға бағытталған. Мұның алдында ғана Вашингтонда "Орталық Азия және АҚШ" саммиті өткен. АҚШ президенті Дональд Трамп Ақ үйде аймақтың бес басшысын қабылдаған. Ол жиын аймақтағы стратегиялық қазба байлықтарын игеруге арналған еді.

Вашингтондағы саммитте Қытай туралы көп сөз болмады. Бірақ оның Орталық Азиядағы ықпалы артып бара жатқаны – Трамп әкімшілігінің аймақпен байланысты нығайтуына түрткі болған факторлардың бірі.

Вашингтондағы жиында тараптар ондаған млрд долларға келісімшарт жасасты. Оның ішінде америкалық Cove Kaz Capital компаниясы мен Қазақстанның вольфрам өндіру жөніндегі құны 1,1 млрд доллар болатын келісімі де бар. Компанияның бас директоры Пини Альтхаус кейінірек мәлімдеме жасап, Трамп пен АҚШ сауда министрі Говард Латникке стратегиялық кен орнын Қытай компанияларынан аман алып қалып, осы келісімнің жасалуына көмектескені үшін алғыс айтты.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Вольфрам кеніші, Boeing ұшағы һәм Ибраһим келісімі. Ақ үйдегі саммит Астана үшін қалай аяқталды?

Ван И Қырғызстанға кейінгі үш жылда алғаш рет сапарлап отыр. 22 қарашаға дейін жалғасатын тур аясында ол Тәжікстан мен Өзбекстанға да барады.

Қытай сыртқы істер министрі Бішкекке 19 қараша күні келіп, Қырғызстан президенті Садыр Жапаровпен кездескен. Жапаров әкімшілігінің баспасөз хабарламаларына қарағанда, ол Қытай басшысы Си Цзиньпинді жоғары бағалап, екі елдің қарым-қатынасы жоғары деңгейде екенін айтқан.

Пекиннен аттанар алдында Қытай сыртқы істер министрлігі мәлімдеме жасап, Ванның сапары маусым айында Қазақстанда өткен "Орталық Азия – Қытай" саммитіндегі келісімдерге күш беру арқылы аймақпен байланысты тереңдетуге бағытталған деді. Ол саммитте Қытай аймақ елдерімен миллиардтаған долларға келісім жасасқан.

"[Бұл сапар] өзара саяси сенім мен дәстүрлі достықты күшейтіп, "Белдеу және жол" бастамасы аясындағы сапалы жоғарғы әріптестікті тереңдетеді және "Қытай – Орталық Азия" қауымдастығына оң үлес қосады" деді 17 қараша күні Қытай сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Мао Нин.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Прагматикалық қадам". Қазақстан не үшін Ибраһим келісіміне қосылады?

ҚЫТАЙ ІСКЕ АСЫРҒАЛЫ ОТЫРҒАН КЕЛІСІМДЕР

"Орталық Азия – Қытай" саммитінде талқыланған негізгі жоба – Қытай, Қырғызстан және Өзбекстан елдерін жалғайтын, құны миллиардтаған доллар болатын темір жол құрылысы.

Бұл мегажоба Шығыс пен Батыс арасындағы сауданы дамытуға бағытталған. Оның аясында Қытай мен Еуропа арасында тауар тасымалдау жолы қысқарып, Қырғызстан мен Өзбекстанға сауда жолын тиімді пайдалану мүмкіндігі ұсынылады.

Қырғызстан тауларындағы жұмысшылар базасы. Олар елді Қытаймен жалғайтын темір жолды салып жатыр.

Құрылыс 2024 жылғы шілдеде басталған. Қырғызстан көлік және коммуникация министрі Әбсаттар Сырғабаев 12 қараша күнгі мәлімдемесінде ұзындығы 450 шақырым болатын темір жол бес жылда салынатынын айтты.

Жобаның құны 6 млрд долларға дейін жетеді деп бағаланып отыр. Алайда қатысушы елдердің қаржылай үлесі қандай екені айтылмай келеді. Сырғабаев қаржыландыру жөнінде ашып айтпады, бірақ "Қырғызстан қаржыландыру бойынша өз міндетін орындап қойды, ал Өзбекстан мен Қытай да өз үлестерін қаржыландырып жатыр" деді.

Орталық Азия елдері мен Қытай темір жолдан бөлек келісімдер де жасасты.

Қыркүйекте Қытайда өткен ШЫҰ саммитінің аясында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жалпы құны шамамен 15 млрд доллар болатын 70-тен астам коммерциялық келісімге қол қойды. Оның ішінде мұнай-газ жобалары, мұнай және химия саласы, көлік дәліздері, логистикалық хабтар мен цифрлық технологияларға арналған инвестициялар бар. Астана бұдан бөлек мұнай-газ жобаларына инвестиция құю жөнінде Қытай компанияларымен 1,5 млрд долларға келісім жасасқан.

Өзбекстан уран секілді пайдалы қазбаларды өндіру жөнінде Қытаймен құны шамамен 5 млрд доллар болатын 13 жаңа келісім жасасқанын мәлімдеді.

Қытай компаниялары сондай-ақ Тәжікстанның тау-кен саласында үстемдікке ие. Душанбе Қытайдың бұл саладағы басымдығын ақтап, елдегі ірі жобаларға тек Қытай компаниялары ғана ықылас танытып отыр деді.

Азаттық радиосының 2024 жылғы зерттеуі Тәжікстандағы қытайлық компаниялар игеріп жатқан кен орындары ауа мен суды ластап отырғанын көрсетті. Зерттеуге қарағанда, тәжік шенеуніктері Қытай инвесторларын үркітіп алмас үшін экологиялық құқықбұзушылыққа көз жұмып отырған.

Орталық Азиядағы бес елде мыс, алтын және сирек металдардың ірі қоры бар. Әлемдегі уранның жартысы осы елдерде өндіріледі. Осы ресурс үшін күрес Вашингтон мен Пекиннің аймақтағы бәсекесін күшейтіп отыр.

Жел генераторлары мен смартфондардан бастап жойғыш ұшақтардың қозғалтқыштарына дейінгі өнімдерде қолданылатын 17 сирек металл өндірісінің 70 пайызын және осы металдарды өңдеу көлемінің 90 пайызын Қытай бақылап отыр.

ҚЫТАЙ ЖҰМЫСШЫЛАРЫ ҚАТЫСҚАН КИКІЛЖІҢ

Жапаров әкімшілігінің хабарламасына қарағанда, Ван Қырғызстанда қызмет істейтін Қытай жұмысшыларына жергілікті заң мен дәстүрді сыйлау қажеті жайлы нұсқау беріліп тұратынын мәлімдеген.

Бұл 15 қараша күнгі оқиғаға сілтеу болуы мүмкін. Сол күні Қырғызстанның солтүстігіндегі бір ауылда жолдағы дау үшін ондаған қырғыз және қытай жұмысшылары төбелесіп қалған. Полиция 16 адамды ұстап, одан бөлек 44 адамды жауап алуға шақырған. Олардың арасында қытай жұмысшылары да бар. Бір қырғыз жұмысшысы ауруханаға түскен. Оқиға елдегі әлеуметтік желілерде наразылық тудырды.

Қақтығыс 7 млн халқы бар Қырғызстанда Қытайға қарсы көңіл-күйді күшейтуі ықтимал. Бірақ Қырғызстан Қытай инвестициясына, несиесіне және тауарларына мұқтаж.

Қытай компаниялары жергілікті жұмысшыларды жалдаудың орнына өз жұмысшыларын әкелетіні ұзақ уақыт бойы халықтың шамына тиіп келген. Наразылыққа ұласқан жағдайлар да болды.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қырғызстандағы төбелес Қытайға наразылықты күшейтті

Ванмен кездескен Қырғызстан сыртқы істер министрі Жиенбек Құлыбаев қақтығыстан соң Қытай жұмысшылары нарықты жаулап, жергіліктің халықтан жұмыс орындарын тартып алып жатыр деген сөзді жоққа шығарды.

"Әріптестігіміз қандай, қандай жобалар іске асып жатыр – Қытай туралы ақпарат жоқтың қасы" деді Азаттықтың Қырғыз қызметіне танымал қырғыз заңгері жұмысшылар арасындағы қақтығысқа пікір білдіріп. "Ақпарат аз болып, адамдардың үнін өшірсе, ксенофобия өршиді. Онымен күресудің жалғыз жолы – ашықтық".

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Қытай күнделікті өмірдің бөлшегіне айналды". Ірі саммиттер тұсында Пекиннің Орталық Азияға ықпалы артып келеді