Axios: АҚШ жоспарында НАТО үлгісі бойынша Украина қауіпсіздігіне кепілдік беру де қарастырылған

Украина президенті Владимир Зеленский және АҚШ қорғаныс министрі Дэниел Дрисколл, Киев, 20 қараша 2025 жыл.

АҚШ-тың Украинадағы соғысты тоқтату бойынша жаңа жоспарында НАТО үлгісі бойынша Украина қауіпсіздігіне кепілдік беру мәселесі де қарастырылған. Бұл жөнінде құжатқа сүйенген Axios жазды.

Жоспарға сәйкес, болашақта Ресейдің Украинаға кез келген шабуылы "тұрақты бейбітшілік пен трансатлантикалық қауымдастықтың қауіпсіздігіне қатер төндіретін шабуыл ретінде қарастырылуы керек". АҚШ пен оның одақтастары оған тиісінше жауап қайтарады, күшпен де, деп жазылған құжатта.

Қауіпсіздікке кепілдік алғашқы он жыл күшінде болады және өзара келісім негізінде ұзартылуы мүмкін.

Axios дереккөзінің хабарлауынша, ұсынысты еуропалық әріптестермен әлі талқылау қажет болады және ол өзгертілуі мүмкін.

Басылымның жазуынша, 28 пунктен құралған бейбітшілік жоспарында "Украина қауіпсіздігіне кепілдік берілмек" деп жазылған. Бұл құжатты АҚШ әскерінің қолбасшысы Дэниел Дрисколл Украина басшысы Владимир Зеленскийге бейсенбі күні таныстырған. Қауіпсіздікке кепілдік беру туралы ұсыныс келісімнің қосымша жобасында бар. Құжатқа Украина, АҚШ, ЕО, НАТО және Ресей қол қоюы керек.

Ақ үйдің жоғары лауазымды өкілі Axios басылымына Ресейдің жобадан хабардар екенін, бірақ оған Ресей басшысы Владимир Путиннің қолы керек-керек еместігі әзірге анық емес екенін айтқан.

Бұған дейін Axios, The Telegraph, Reuters, Financial Times және Politico басылымдары АҚШ ұсынған жаңа жоспар Украинаның Донецк және Луганск облыстарын іс жүзінде Ресейге беруді қарастыратынын жазған. Бұған қоса, Украина қарулы күштерінің санын екі есе қысқартуды, Украинаның алысқа ұшатын ракеталардан бас тартуын, Украинада шетел әскерін орналастырмауды қарастырады.

Украина билігінің өкілдері атысты майдан сызығында тоқтатуға дайын екенін, бірақ Ресей басып алған аумақы орыс жері деп мойындамайтынын айтқан. Бұған қоса, әскер санына шектеу қою, ЕО мен НАТО-ға мүшеліктен бас тарту сияқты талаптармен келіспейтінін мәлімдеген.

АҚШ-тың ресми жоспары жарияланған жоқ. БАҚ-тың жазуынша, мұндай құжат барын Вашингтон да, Мәскеу де растамаған.