Қазақстан 2025 жылы егін суғару кезеңінде Сырдария өзені арқылы 3,7 миллиард текше метр су алуға тиіс, деп хабарлады су ресурстары және ирригация министрлігінің баспасөз қызметі.
Министрлік Тәжікстан, Түркіменстан және Өзбекстан елдерімен Орталық Азияның мемлекетаралық су шаруашылығы үйлестіру комиссиясының отырысында осындай келісім жасасқан.
Ақпаратта Қазақстан егін суғару кезеңінде мемлекетаралық "Достық" каналы арқылы 909 млн текше метр су алады деп айтылған. Солтүстік Арал теңізіне 945 млн текше метр су жібереді.
"Қазіргі кезде біз тасқын суын көлдер мен өзендерге бағыттап, оны су қоймаларына жинаумен айналысып жатырмыз. Бірақ оңтүстік аймақтар туралы сөз болғанда, су дипломатиясы маңызды. Сырдария өзені арқылы Қазақстанға келетін су Шардара су қоймасында жиналып, оңтүстік аймақтардың ауыл шаруашылығын қамтамасыз етуге пайдаланылатын болады", – деген министр Нұржан Нұржігітовтің сөзін келтірген министрлік.
Министрлік өкілдері 2024 жылы су тиімді бөлініп, су үнемдейтін технологиялар енгізіліп, көрші елдермен уақытылы келіссөздер жүргізудің арқасында Қазақстан егін суаруға қажет суды толық көлемде алған деді. Биыл да солай жасалынбақ.
Былтыр күзде Қазақстан 2025 жылдың сәуір айына дейін Орталық Азия елдерінен Сырдария өзені арқылы 11 млрд текше метр су алады деп хабарланған. Алайда, ол жоспардың қалай іске асырылғаны туралы қазірге дейін ешқандай ақпарат болған жоқ.
Қазақстан аумағының 2,8 пайызы ғана сумен қамтылған, ал құрғақ аймақта орналасқан үштен екі бөлігінде су тапшы. Су ресурстарының елеулі бөлігін көрші елдерден алып отыр.
Биліктің дерегінше, 2023 жылдың қорытындысы бойынша, Қазақстанның қалаларында халықты сумен қамту деңгейі 98,9 пайызды, ал ауылдарда 96,6 пайызды құрады. Тек тоғыз аймақ қана толық сумен қамтылған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Сырдария мен оның бойындағы тіршілікті қалай құтқаруға болады? Сарапшымен сұхбатСырдария – Орталық Азиядағы ең ірі өзен, ол төрт мемлекеттің: Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан мен Қазақстан аумағын басып өтіп, Арал теңізіне барып құяды.