Accessibility links

Зеленский: қазір тарихтағы ең ауыр кезеңдердің бірін бастан кешіріп жатырмыз


Владимир Зеленский
Владимир Зеленский

Украина президенті Владимир Зеленский Украина халқына видеомәлімдеме жасады.

«Қазір еліміздің тарихындағы ең ауыр сәттердің бірін өткеріп жатырмыз. Украина өте қиын таңдауға тап болуы мүмкін: абыройдан айырылу не маңызды серіктестен айырылу қаупі. Не ауыр 28 пункт, не өте қиын қыс және одан әрі қарайғы қиындықтар. Еркіндіксіз, абыройсыз және әділетсіз өмір және бізге қайталап шабуыл жасағандарға сену» деді Зеленский.

Украина президенті Ресей украиндардың бірлігінен қатты қорқатынын атап өтті.

Зеленский сонымен бірге келесі аптаның күрделі болатынын және Украинаға қысым жасалатынын айтты.

"Біз соғысты аяқтау үшін және Украинаны, Еуропа мен ғаламдық бейбітшілікті сақтап қалу үшін қолдан келгеннің бәрін істейміз және істеуге тиіспіз" деді ол.

Бұған дейін Reuters агенттігі екі дереккөзге сүйене отырып, Вашингтонның АҚШ ұсынған жаңа бейбітшілік жоспарды Киев қабылдамаса, барлау деректерімен алмасуды және қару-жарақ жеткізуді тоқтатамыз деп сес көрсетіп, Украинаға қысым жасағанын хабарлаған.

Жұма күні сәл ертерек Германия канцлері Фридрих Мерц, Франция президенті Эммануэль Макрон және Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармер Украина басшысы Владимир Зеленскиймен соғысты аяқтау бойынша Американың жаңа бастамасын талқылау үшін телефонмен сөйлескен.

Bloomberg-тің жазуынша, олар Американың жоспарының негізгі пунктерін кері қаққан. Төрт елдің басшылары Украинаның қарулы күштері өз елінің егемендігін қорғайтындай жағдайда болуы керек, кез келген бейбіт келіссөз майдан сызығынан басталуы керек деген ортақ пікірде қалған.

Axios жариялаған алдын ала нұсқаға қарағанда, бейбітшілік жоспарына сәйкес, украин әскері Донецк облысының өздері бақылап отырған аумағынан шығуы керек және бұл аймақ халықаралық дәрежеде Ресейге тиесілі бейтарап демилитаризацияланған буферлік аймақ ретінде танылмақ, бірақ ол жаққа орыс әскері кірмейді.

Төрт басшының әңгімесінен кейін Франция мәлімдеме жасады, онда шешім "Украинаның мүддесін толық ескеруі керек, Украинаның егемендігін сақтап, оның болашақ қауіпсіздігіне кепілдік беруі керек" деп жазылған. Ресми Париждің пікірінше, Еуроодақ пен НАТО-ға қатысты барлық шешімді ЕО мен НАТО мүшелері қабылдауы керек.

XS
SM
MD
LG