АҚШ пен Украина делегациялары Женевада өткізген келіссөздердің қорытындысы жайлы сөзінде АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Вашингтон Киевпен кеңесуден кейін бейбітшілік жоспарына түзетулер енгізіп жатыр деп мәлімдеді. Оның видеосын жексенбі күні Sky News жариялады.
"Барлық мүдделі тараптардың үлесі негізінде өте жақсы жұмыс нәтижесіне қол жеткіздік, – деді Марко Рубио. – Кейбір тармақтарды рет-ретімен қарастыра алдық. Жақсы прогреске қол жеткіздік деп ойлаймын. Қазір командаларымыз бізге ұсынылған бірқатар ұсыныстарды пысықтауға кетті. Айырмашылықтарды барынша азайтып, әрі Украинаның да, АҚШ-тың да көңілінен шығатындай нәтижеге жақындай түсу үшін жұмысты жалғастырып, кейбір өзгерістер енгізіп жатырмыз".
Бұған қоса Рубио бейбіт жоспар жөніндегі түпкілікті шешімді Дональд Трамп пен Владимир Зеленский мақұлдауы тиіс екенін ескертті. Ол сонымен бірге Ресейдің реакциясын күтетінін де айтты, бірақ "процесс алға жылжи алады" деген сенім білдірді.
Мемлекеттік хатшы бейбіт жоспардың егжей-тегжейін айтудан бас тартып, бұл әлі аяқталмаған процесс деді.
"Мен қазір қандай да бір жеңіс немесе түпкілікті нәтиже туралы жариялағым келмейді. Әлі атқарылатын жұмыстар бар, бірақ біз бүгін таңертең жұмыс бастаған кезімізбен салыстырғанда әлдеқайда алға жылжыдық, ал бір апта бұрынғыдан тіпті ілгерілеп кеттік", - деп мәлімдеді Рубио.
Еуропалық бейбіт реттеу жоспары жөніндегі сұраққа АҚШ мемлекеттік хатшысы: "Басқа жоспарды көрген жоқпын", – деп жауап берді. Сонымен бірге Марко Рубио түрлі елдердің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшілерімен кездескенін растады: "Біз оларға да егжей-тегжейге бармай, жалпы алғанда бүгін не нәрсеге қол жеткізгенімізді, не жайлы келіскенімізді түсіндірдік. Кейбір мәселелер бойынша кері байланыс қажет болды, бірақ байқауымша, америкалық және украиналық тараптардан оң нәрселер көп". Келіссөздердің мақсаты – "осы 28 немесе 26 тармақты, қай нұсқаны алатынымызға байланысты, қарап шығып, әлі түпкілікті еместеріне назар аудару" болған деп түсіндірді Рубио.