Accessibility links

ҰҚК "терроризмді насихаттады" деген күдікпен 6 адамды ұстағанын хабарлады


Қазақстанның ұлттық қауіпсіздік комитеті, Астана.
Қазақстанның ұлттық қауіпсіздік комитеті, Астана.

Қазақстанның ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) осы айда елдің бірнеше қаласында "терроризмді насихаттаған" деген күдікпен алты адам ұсталды деп хабарлады.

"Алматы, Ақтөбе, Қонаев пен Шымкент қалаларында терроризмді (соның ішінде әлеуметтік желіде) насихаттады деген күдікпен деструктивті діни ағымдардың 6 жақтаушысын ұстады. Тергеудің болжамы бойынша, олар діни негізде шабуылдар мен кісі өлтіруге шақырулар таратқан, сонымен қатар зайырлы тәртіпке қарсы шыққан. Тінту барысында олардан атыс және суық қару, сондай-ақ көптеген діни әдебиеттер тәркіленді", – деп жазылған 24 қарашада ҰҚК жариялаған ресми ақпаратта.

Комитет ресми сайтында жариялаған суретте қару асынып, арнайы жасақ киімін киген қызметкерлер ортаға алып тұрған адам бейнеленген. Жай киім киген тағы біреу қолындағы әлдебір нәрсені көрсетіп я оқып тұрғаны байқалады.

Сот ұсталған адамдардың бәрін қамауға санкция берген. ҰҚК бұдан өзге ақпарат жариялауға жатпайды деп жазды.

Ресми дерек бойынша, биылғы жыл басынан бері ҰҚК материалдары бойынша "террористік және экстремистік әрекет үшін" 83 адам ұсталып, 97 адам сотталған. 3 қарашада "терроризмге шақыру материалдарын таратқан Ақтөбе облысының тұрғыны 7 жылға бостандығынан айырылды"деп хабарлады ҰҚК. Үкім заңды күшіне енген.

Қазақстанда арнайы қызмет "терроризмді насихаттады" деген күдікпен ұсталғандар жөнінде мәлімдеп, сот оларға қандай жаза кескенін хабарлап тұрады. Бірақ ұсталғандардың аты-жөні, істің жай-жапсары, оларға тағылған айыптар туралы толық ақпарат бермейді.

2024 жылы Қазақстанда террористік және экстремистік әрекеттері үшін 84 адам сотталған.

XS
SM
MD
LG