Ресей президенті Владимир Путин Дональд Трамп әкімшілігі ұсынған жоспар Ресей-Украина соғысын реттеудің негізіне айналуы мүмкін деп мәлімдеді. 21 қарашада Қауіпсіздік кеңесі отырысында сөйлеген Путин бірінші рет аталған құжат туралы пікірін айтты.
Путиннің айтуынша, Ресей жоспардың мәтінін алған, бірақ ондағы шарттар әлі мұқият талқыланбаған, себебі Украина әзірге ұсыныстарды қабылдамаған.
Путиннің сөзінше, талқыланып отырған құжат —оның Аляскада АҚШ президенті Дональд Трамппен келіссөз кезінде қарастырылған келісімнің "жаңартылған нұсқасы". Путиннің айтуынша, Мәскеу аталған ұсыныстармен келіскен, бірақ Украина жоспардан бас тартқаннан кейін АҚШ үнсіз қалған.
Путин сонымен бірге АҚШ-тың Ресейден "белгілі бір талаптардан бас тартуын" өтінгенін айтты.
Ол сонымен бірге Ресей бейбітшілік келіссөзіне дайын, бірақ Купянск пен майданның өзге де бөліктердегі шайқастың барысына да "көңілі толатынын" айтты.
Оның сөзінше, 4 қарашадағы жағдай бойынша Купянск Ресей әскерінің толық бақылауында. Ашық дереккөздерге қарағанда, орыс әскері Покровскіде де алға жылжып жатыр, ал Купянскіде майдан сызығы өзгермеген. Украина әскері қаладан кеткенін хабарлаған жоқ.
Bloomberg-тің айтуынша, Украинаның Еуропадағы басты әріптестері Америка жоспарының негізгі пунктерін сынаған. Олар Украинаның қарулы күштері өз елінің егемендігін қорғайтындай жағдайда болуы керек, кез келген бейбіт келіссөз майдан сызығынан басталуы керек деген ортақ пікірде қалған.
Axios жариялаған алдын ала нұсқаға қарағанда, бейбітшілік жоспарына сәйкес, украин әскері Донецк облысының өздері бақылап отырған аумағынан шығуы керек және бұл аймақ халықаралық дәрежеде Ресейге тиесілі бейтарап демилитаризацияланған буферлік аймақ ретінде танылмақ, бірақ ол жаққа орыс әскері кірмейді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Зеленский: қазір тарихтағы ең ауыр кезеңдердің бірін бастан кешіріп жатырмыз